"Ақмола облысы білім басқармасының Зеренді ауданы бойынша білім бөлімі Ортақ ауылының жалпы орта білім беретін мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение "Общеобразовательная школа села Ортак отдела образования по Зерендинскому району управления образования Акмолинской области"

СоцСети

     

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Наурыз-мерекем, Наурыз-берекем.

04.04.2019

Тақырыбы: Наурыз- Мерекем, Наурыз- Берекем!
Мақсаты:
1.Қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра етіп қалдырған салт-дәстүрін, наурыз мейрамы жөніндегі білген- түйгендерін толықтыру.
2.Оқушыларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеуге, сақтауға тәрбиелеу.
Көрнекілік: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!», «Еліме қуат, халқыма шуақ бер, Наурыз!» т.б. нақыл сөздер жазылған плакаттар.

Барысы:

І -Кіріспе бөлім:

Фанфар ойнап, кештің шымылдығы ашылады. Мектептің оқушы қыздары ұлттық бимен кешті ашады.

Жарапазан айтатын Даулет пен Әскербек келеді.

Даулет:
         Уа жараңдар, жараңдар!
         Көңілің бар алаңдар
         Ата менен анаң бар 
         Үлкен кіші ағаң бар
         Наурыз тойын тойлаймыз
         Бәрің бері қараңдар!

Әскербек:

         Бермен жақын тұрыңдар,

         Сөзіме көңіл бұрыңдар.

         Жауқазындай Наурыздың

         Жарапазан жыры бар.

Даулет:

          Айтамыз жарапазан отбасына,

          Тілейміз денсаулықты бас – басыңа.

          Тілесек денсаулықты бас – басыңа,

          Амандық келер әр күн отбасыңа.

           Айтамыз жарапазан ауылыңа,

          Береке, бірлік берсін қауымыңа.

          Береке, бірлік берсе қауымыңа,

          Бас имес кімдер келіп ауылыңа

Әскербек:

            Айтамыз жарапазан еліңізге,

           Байлаңыз жақсы орамал белімізге.

           Байласаң жақсы орамал белімізге,

           Кетеміз мақтай  - мақтай елімізге.

           Айтқанмен жарапазан тоямыз ба?

           Дәстүрін халқымыздың қоямыз ба?

           Дәстүрін халқымыздың біз ұмытсақ,

            Дүниеде екі бірдей оңамыз ба?

Даулет:  Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
                Той дабылын қағып тұрған мұнда біз бар!
                Наурыз тойы басталды! Бір орында тұрмаңыздар!
                Естімегендер естіңдер!
                Тыңдамағандар тыңдаңдар!
               Наурыз тойын бастаймыз!

Әскербек:  Уа, халайық,халайық,

                    Ақ сандықты ашайық.

                    Бұл мереке,бұл тойдың

                   Шашуларын шашайық.

Қонақ әжелер шашу шашады( Кумаш апа, Жибек апа, Умутжан апа, Гульсина апа,Баян апа,Жамбыл апа)

ІІ –Негізгі бөлім.

Ерназар:
Армысыздар, жамағат!

Ару көктем, әз Наурызым, ақ күнім,

Ала келген бар әлемнің шаттығын.

Қазан-қазан көже жасап,

Азан-қазан көңілменен күй кешу-

Біздер үшін бақ бүгін.

Шолпан: Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Ұлыстың ұлы күні келді! Той құтты болсын! Ақ мол болсын! Наурыз тойларыңыз құтты болсын!

Ислам:
Құрметті ұстаздар, оқушылар, қонақтар! Бәріміздің көптен күткен Наурызымыз да келді! Ұлыстың Ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді боп, тілектеріңіз қабыл боп, аман-есен тойдан тойға жетіп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда кетіп, жаңа жылда, жаңа үміт, жаңа тіршілікпен, осы ұлыстың ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурызымыз есігін қуанышпен ашсын. Барлық жақсы ниет-тілектеріңіз қабыл болсын! Ортақ мектеп оқушылары , ұстаздар мен ата-аналар  ұйымдастырған «Наурыз- Мерекем, Наурыз- Берекем!» атты мерекелік кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
 

Кеш «Мереке» әнімен басталады.  Орындаушылар- Айханым мұғалім  мен 9 сынып оқушысы Садыков Бакытжан

Ерназар: Наурыз шығыс халықтарының көбінін мейрамы болған. Солардың ішінде әсіресе көшпелі түркілер арасында ең қадірлі, ең ұлы мейрам болып саналған. Ескі ауыртпалықтың бәрі қыспен кетіп, енді жаңа үміт, жаңа тіршілік иесінің есігі ашылған күн.

Шолпан: Наурыз- өте көнеден келе жатқан мейрам.Бұл күні- күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн.Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.

Қараңыздар! анау келе жатқан Қыдыр ата емес пе?
Ислам: Иә дұрыс айтасың, Шолпан , Қыдыр ата ғой келе жатқан.
Асалаумағалекум, Ата! Наурыз тойы құтты болсын! Қош келдіңіз!
«Қыдыр Ата» келеді (залдың ортасымен) келіп дастарханға жайғасады.

Қыдыр ата: Уағалейкумассалам, балалар, ағайын! Бүгінгі күн мен түн, жарлы мен бай, хан мен қара теңескен қасиетті Наурыз мерекесі баршаңызға құт әкелсін! Жер - ананы мекен еткен барша мұсылмандардың қасиетті мейрамы – Әз Наурыз әр отбасына береке әкелсін! Жыл 12 ай, 365 күн асыға, аңсай күткен, жер жүзі мейірге, жылулыққа шомылған, қыз - бозбала құлпырған киелі Наурыз сендерді шаттыққа бөлесін!
Ислам: Ата төрге отырып, тойымыздың сәні  мен әні болыңыз.

Ерназар:  Балалар,біз егеменді еліміздің болашағымыз, сондықтан ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан мұрасын, мәдениетін, әдеп-ғұрпын білуіміз керек.

Шілдехана, бесік той, тұсау кесер,

Сүндет той, туған күн тойлап, той жасау –

ата-дәстүр салтымыз,

Жақсылықты тілейміз тойға келген жалпымыз.

Думанды тойын жасап дүбірлетіп,

Салт-дәстүрді ежелден қастерлеген халқымыз дегендей  канекей қонақтарымызға салт-дәстүрге арналған бірнеше сұрақ қойсақ, қалай қарайсыңдар.

Мынандай салт-дәстүрдің мағынасын айтып беріңіз- «Шілдехана, Бесікке салу,Қырқынан шығару, Тұсаукесер, Ат қою, Айдар қою,Базарлық, Байғазы, Тілашар,Асату,сүйінші, Ерулік, Енші ,Сыбаға, Жеті ата» Осы жерде 2-3 бала жеті атасын айтып береді.( Мадияр, Шынғыс, Жандос)

 

 

 

Шолпан :

 Жыр сыйлаған, нұр сыйлаған тірлікке,

 Қастерледік қадіріңді білдік те.

 Құтты болсын Ұлы күн жұмылдырған

 Бәрімізді ынтымақ пен бірлікке!

Наурыз күні алдағы күндерге арналып ізгі ой, арман-мақсат айтылып, тілектер тіленеді. Ендеше құттықтау сөз кезегін Ортақ ауылының әкімі М.К.Ергалиеваға берейік.

 

Ислам: Наурыз мейрамы бір ай тойланады.Қазақтар бұл күндері бір-бірін жаңа жылмен құттықтап, қонақ шақырады.Әр-түрлі ойын-сауықтар, бәйге, көкпар және жарыстар ұйымдастырылады. Ерназар, Шолпан, қарандаршы Тілек атаның үйінде де шағын той болатын сияқты,қонақ та келе жатыр.

Көрініс: (Ата мен апасы, немересі бәрі ортада отырады.

 2 жігіт өзара әңгімелесіп келеді)

Мадияр: Саят бүгін осы ауылдағы Тілек атаның үйінде «Тұсау кесу»тойы болып жатыр.

Саят: Ендеше атаға сәлем бере кіріп «құтты болсын айтайық»

  • Иә, айтқаның жөн болды ғой
  • Ассалаумағалейкум!
  • Уағалейкумассалам!
  • Ата, мал-жан , бала-шағаңыз түгел аман ба?
  • Шүкір Аллаға, аман...
  • Ата той құтты болсын!
  • Рахмет айналайындар, өркендерің өссін!
  • Ал, ата рахмет, біз жол жөнекей соққан едік...
  • Әй, жігіттер құр қол келмеген шығарсыңдар? Тойға арнап шашуларың бар шығар
  • Әрине жай келген жоқпыз, «Тойбастар» әніміз бар орындап берейік.
  • Әп бәрекелді! Тойды әнмен бастайық.

Ерназар:   Жолың болсын деселік,

                            Жолыңа нұр төселік.

                    Жарылқасын алдыңнан,

                    Тұсауынды кеселік.

 Ал қазір бәріміз балаға қатысты рәсімінің бірі-тұсаукесерді тамашалайық. Ортаға  Жанар апайды немересі Тілек Әмірмен шақырайық.

  • Қыздар, біз осылай отыра береміз бе? Тұсаукесу тойға ән шашу арнасақ қайтеді? Ендеше ортамыздағы әнші қыздарымыз әнін орындап берсін.

3 сыныптың қыздары «Көктем»әндішырқайды.

 

 

 

9 сыныптың ұлдары: Жігіттер! Біздің ару қыздарымыз ән салып, би билеп жатқанда біздер неге қыздардан қаламыз? «Ер егесте, палуан күресте» танылады дегендейбіз де өнерімізді көрсетейік. «Білектесу», «Асық ойыны», «Қазақша күрес» ойналады.

Ұл балалардың орындауында биін қабыл алыңыздар.

Шолпан: Әдетте жаңа туған нәрестенің кіндігі бір аптаның ішінде түседі. Баланың кіндігі түскен күннен бастап бесікке бөлейді. Бесік – ата-бабамыздан қалған асыл да қасиетті мұра. Бесіктің өзіндік ерекшеліктері, тұрмысқа бейімділігі, бала өміріне пайдалылығы көп. Көрініс «Төркіндеу»

Енді кезекті «Төркіндеу» рәсіміне кезек берейік.

Ата-аналар рәсімді көрсетеді.

Рәсімнен кейін ауылдың алты ауызын айтады.

Ерназар: Рахмет сіздерге аяулы аналар.Біздің балаларымыз да ,көріп отырмыз жан-жақты.Енді балалардың тағы бір өнерін тамашалайық.

5-6 сыныптың «Айтыс»

Ислам: «Сөздің көркі-мақал» деген ұғым бар. Келесі кезекті мақал-мәтел жарысына берейік.

Ерназар: Ассалаумағалейкум, қарсыласым. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді», сәлем беріге келдім.

Шолпан: Амансың ба, достым? «Қуыс үйден құр шықпа» тізенді бүгіп, дәм ауыз ти.

Ерназар: «Сыйлап берген су сатып алған балдан артық» деген, жайғассақ жайғасайық.

Шолпан: «Сыйға сый,сыраға бал» демекші өткенде өздеріңізге риза болып қайттық қой.

Ерназар: «Аз да бітер, көп те бітер, татулыққа не жетер», татулық пен ауызбірлікке не жетсін!

Шолпан: «Төртеу түгел болса алар, алтау ала болса алдырар» деген ғой, о не дегеніңіз!

Ерназар: «Бірлік түбі- тірлік» деген ғой бабаларымыз, бірлік болсын.

Шолпан: «Биік төбеге шықсаң көзің ашылады, жаққсымен сөйлессен көңілің ашылады», көңіліміз марқайып қалды ғой.

Ерназар: «Әңгіме әңгіме дегізер, әңгіме бұзау емізер», қой қайтатын уақыт болды.

Шолпан:  «Тау тауға қосылмас, адам адамға қосылар», әлі кездесерміз, сау бол!                                     

Ислам: Қарап отырсақ қазақтың мақалдап сөйлеген сөзінің өзі бір шырайлы, тәрбиелік мәні зор.Бұған осы көріністен-ақ көз жеткізген боларсыздар.

Шолпан:  Ислам. Ерназар, білесіңдер ме? Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы-Наурыз көже.

 

 

Наурыз көже – Наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік тағам. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен( сүт,ет,су,тұз,тары,құрт,жеміс,т.с.с.) жасап, оған қазы,шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің мәні жаңа жылда тойымшылдық, молшылық,мәнді де татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш етеді.

Ерназар:  Ашық болсын қас-қабақ,

                  Бейтаныс та, таныс та

                  Бүгін төрде бас қонақ.

                  Арпа, бидай, тары бар,

                  Қатық, малта ағы бар.

                  Ішілетін,жейтіннің

                  Бұл көжеде бәрі бар.

Наурыз көже таратылады.( күй ойналады)

Ән «Қазақ дастарханы»  1 сынып оқушысы Амангелді Асаналидің орындауында

 

Шолпан:   Наурыз тойға бәрің бүгін,

                   Аямай өнерпаздар ән мен жырын.

                   Тойлайық халық тойын Наурызымның,

                   Шуағын жерге төккен бақыт күнін.

                   Енді, 1 сыныптын шашуын көрейік!

 

5-сыныптың орындауында «Дәстүрлерім-ай»

 

         Жүріңдер Наурызға басып аяқ,
         Қалыс қауым болмасын некен саяқ.
         Ән шырқап, би билейтін қауым болып,
         Тұрмайық, уақыт келді өнерді аяп.
Назарларыңызға 5 сыныптың қыздарының орындауындағы

«Наурызым» әнді ұсынамыз.

 

Қыдыр ата: Жарайсыңдар балаларым, өнерлерің өрге жүзсін.         

Ислам:Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі – бата-тілек білдіру. «Жаңбырменен жер көгереді, батамен ер көгереді», «Баталы құл арымас» — деген ой-пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына ықылас білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған. Олай болса Қыдыр атамыздан бата сұрайық.

 

 

 

 

 

Қыдыр атаның батасы
Азамат боп ержетіңдер,
Ақылды болып ержетіңдер
Азамат болыңдар көрікті,
Ғұмырың болсын берікті
Азамат болыңдар ардақты
Мінездерің болсын салмақты
Өнерлі болыңдар жан – жақты
Осы айтқанның бәрі қабыл болып
Алла берсін сендерге зор бақты! Әумин.

 

Ерназар:  Наурыз тойы, Наурыз тойы,
                   Құтты болсын ағайын.
                   Наурыз тойы, Наурыз тойы,
                   Келді біздің Жаңа жыл!

Ислам:    Жасай бер жаңа күн!

                 Туа берсін жаңа күн
                 Дүр сілкінсін дала бір
                 Құтты болсын жаңа жыл!!
                 Құтты болсын Наурыз – той,
                 Құтты болсын Жаңа жыл!

Шолпан:  
Жарқырасын Ортақ ауыл жеріміз!
Асып-тасысын байлығымыз, кеніміз
Ел сүйсініп дәулетіне елімнің,
Малға толып жатсын барқыт беліміз!

 «Көппен біткен іс сәнді –Көппен біткен ас дәмді»,- дей отырып сөз    кезегін мектеп әкімшілігіне берсек.                    

Ерназар:  Уа,халайық!

                  Ұлыс бақты болсын,

                  Төрт түлік ақты болсын!

Ислам:   Ұлыс оң болсын,

                Қайда барсан жол болсын!

                Ұлыс береке берсін,

                Бәле-жала жерге енсін!

Шолпан:  Ән қосылсын әніңе,

                  Сән қосылсын сәніңе.

                  Ырысты боп Жаңа жыл,

                  Бақ дарысын бәріңе!

Осымен дайындаған шағын мерекелік концертіміз аяқталды. Келесі Наурызда аман сау кездесуімізге алла нәсіп етсін. Хош сау болыңыздар

 

 

Просмотров: 874


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст