Бастауыш-білім бастауы!
(Бастауыш сыныппен қоштасу кешінің, сценарийі)
1-жүргізуші: Армысыздар, ұстаздармен оқушылар, ата-аналар мен ақ жаулықты апалар!
2-жүргізуші: Бүгінгі «Бастауыш-білім бастауы!» ертеңгілігіне қош келіпсіздер. Әр жанұяға береке, бірлік, табыс тілей отырып тойымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1-жүргізуші: Армысыздар, мұғалімдер - әз жандар
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді
Би билеп, ән де бүгін шырқалар.
2-жүргізуші: Қош келдіңіздер ақ жаулықты аналар мен әкелер,
Жүздеріңнен мейірім мен нұр төгілер
Бүгін міне, бастауышпен қоштасады
Азамат боп, ержеткен сіздің түлектер!
1-жүргізуші: Біз бүгін көзімізді ашып, көкірегімізді оятқан, білім нәрімен сусындатып, ілімнің ірге тасын қалаған бастауыш мектебімізбен қоштасамыз.
2 жүргізуші: - Бүгін біз сауатымызды ашып, білім, негізін қалаған бастауыш мектебімізбен , алғашқы қолымызға қалам ұстатып, оңымызбен солымызды танытқан ұстаздарымызбен қоштасқалы отырмыз.
1 жүргізуші: Тарыдай болып кіріп, ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріңіздің ұйымдастыруымен өткізгелі отырған «Бастауыш-білім бастауы» атты қоштасу мерекесін бастауға рұқсат етіңіздер!
2 жүргіуші: Олай болса, бастауыш сыныпты бітіруші түлектерімізді ортаға шақырайық.
1 жүргізуші:
Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңызда,
Мұндай күй болған сірә қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп шақырайық,
4 сынып түлектерін ортамызға.
(Музыка әуенімен бастауыш сынып түлектері ортаға шығады. )
1-жүргізуші: Армысыздар жас достар
Болашаққа жол бастар.
2-жүргізуші: Білім деген ғажаптың
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Әлібек: Қоштасу тойын бастайық,
Ән мен биге басайық.
Өнерімізді көрсетіп,
Құрметіне бұл тойдың.
Ән мен шашу шашайық.
Аяла: Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені.
Мектеп деген тәрбиеші адамға
Мектеп деген даналардың мекені.
Әлинұр: Мектебім – білім берер алтын ұям,
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4 жыл бойы ата –анамдай,
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл,
Өзіңе борыштармын өмір бойы
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
Еркенұр: Өтті оқу, сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Оқулықпен достасып,
Бастауышпен қоштаспақ
Қош бол, құтты Бастауыш!
Алғыстарым көп менің.
Ақыл - білім, тәрбиең,
Ой-санама еккенің.
Амир: Есігіңді ашқан балаңа,
Құшақ жайдың мектебім сен қуана.
Сол бір сәтті мәңгі ұмыта алам ба,
Сенен артық дүниені таба алам ба?
Мектебім – мәңгі бапкерім
Қарызбыз саған бәріміз
Өзіңе деген парызды,
Ақтаймыз талай әлі біз.
1 жүргізуші: Армысың сен , алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр- алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын ,
Мектебіме арналады бұл әнім!
2 жүргізуші : Олай болса алтын ұя мектебімізге арнап ән шырқайық!
Ән: Бастауышпен қоштасу
Слайд: «Мектептегі мерекелер».
Көрініс: «Кітаптар мұңы»
1-жүргізуші: Адам өміріндегі ең қымбат жанның бірі – ұстаз. Өйткені оның көкірек көзін ашып, дүниетанымын кеңейтіп, қиялға қанат қақтырады.
2-жүргізуші: Дұрыс айтасың:
Ұстаз еңбегі - ұлы еңбек.
Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға, - деп айтуында терең ой жатыр.
1-жүргізуші: Олай болса, келесі өлең жолдарын ұстаздарымызға арнаймыз.
Қарақат: Есімде алғаш ұстаздың қарсы алғаны
Айқара есік ашып тасталғаны.
Бір мереке думан болып осы маңда,
Жетелеп бір сыныпқа апарғаны.
Енді, міне сағымдай боп өте шықты
4 жыл уақыт аз ба екен, кім біліпті.
Ұстаз – ана жасады мына бізден
Ел таң қалар азамат бір – бір мықты.
Ерхан: Әлі есімде мектепке келгеніміз,
Келгеніміз, сыныпқа енгеніміз.
Жасқаншақтап, таңырқап тұрған шақта.
Өзің болдың ұстазым сенгеніміз!
Ұқсаттың ба сіз бізді балаңызға,
Ұқсатып ек, біз сізді анамызға.
Жақын тарттың, біртіндеп бауыр бастық.
Жүргеніңді ұнатып арамызда.
Кеп кешегі тосырқау қайда қалған.
Шықпаушы едік бір елі айналаңнан.
Мейірің бе, ұстаздық жүрегің бе.
Жан дүниесін баланың жайлап алған.
Айсұлу: Ұстазым ғой әліпбиді үйреткен,
Көкейіме көрік беріп, гүл еккен.
Мені оқытып, өркенімді өсіріп,
Жалындатып, жанарымды нұр еккен.
Жадыраған жаздай жылы жаны бар,
Жақсылықтың шырағы боп жағылар.
Қадірлі ұстаз гүлмен бірге жолдаған
Шәкіртіңнің жүрек сөзін қабыл ал.
Аяулым:Алғашқы ұстаз, ерекше тұлға дара шың,
Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.
Сағына әркез суреттерді парақтап.
Шәкірттерін жиі еске алатын.
Жаралған жақсы үмітпен мұраттардан ,
Жансыз ғой әлдилеген шуақты арман.
Жатталады жан жүректе есіміңіз,
Адамның аяулы үні сияқтанған.
Бәрі : Мың алғыс сізге біздей түлектерден,
Мың алғыс мына отты жүректерден!
2- жүргізуші:
Достар, осы бізді болашаққа не бастайды?
1- жүргізуші: Ата- ананың ақылы
Болашаққа деген сенім
Ұстаздың көрсеткен жолы
2- жүргізуші: Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән – мағына жатыр десеңізші!
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да бәрі –бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан, ұлағатты ұстаздар, сіздерге бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
Ән: Ұстазым (орындайтын Ерхан мен Айсұлу)
Флешмоб:
1-жүргізуші: Болмасаң да, ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз, - деп Абай атамыз айтқандай ұлы ғұламалар, ұлы адамдар өнегелерін бойымызға сіңірдік.
2-жүргізуші: Келесі кезекті сөз 4 жыл бойы білім берген ұстаздарымызға беріледі
1- жүргізуші:
Сонымен қатар үлкен алғысымызды ата-әжелеріміз бен ата-аналарымызға білдіргіміз келіп отыр. Біздің өміріміздегі асыл жандар ол - Сіздер.
2-жүргізуші: Бас иіп, шексіз алғысымызды ақ жаулықты аналарға және қадірлі әкелерге білдіреміз.
1-жүргізуші: Біздің қуанышымыз бен жеңісімізге ортақ болған, бізбен бірге уайымдаған — ата-ана. Олар бізге дүниедегі ең жақын қадірлі адамдар.
2-жүргізуші: Құрметті ата-аналар, біз сіздерге алғысымызды білдіре отырып келесі әнді өздеріңізге арнаймыз.
1.Ән
2.Ән
1-жүргізуші: Ата-аналар атынан сөз кезегі ...............................................
..............................................................................................................беріледі.
(ата-аналардың ыстық лебіздері)
1- жүргізуші:
Құрметті қонақтар, біздің қоштасу кешімізге болашақ 1 класс оқушылары да келіп отыр. Болашақ оқушыларға сөз берейік.
Тақпақ
Ән даярлық сынып
2- жүргізуші: Бүлдіршіндерге бастауыш кластың кілтін ұсынамыз
Ерхан:
Ғылымды терең меңгеріп,
Үмітті сендер ақтаңдар
Мектепті үздік бітіріп,
Ұстаздың болшы мақтаны!
Шығыңдар білім шыңына,
Аманат осы сендерге
Болыңдар үздік тағы да
Оқуда және еңбекте
( Бір оқушы кілт тапсырады )
І жүргізуші: Достар, біз бастауышпен қоштасып тұрмыз. Алғашқы ұстаздарымызбен қоштастық.
ІІ жүргізуші: Иә, бізді болашақта не күтіп тұр екен? Қандай асулар бар алда?
1 жүргізуші:
Оқу білім, ізденіс жолдары. Жаңа ұстаздар күтіп тұр.
ІІ жүргізуші: Бастауышым – бал бұлағым,
Алдым сенен балдың дәмін.
Әріп танып , білім алып,
Рахметімді жаудырамын.
І жүргізуші: Өтті сенде қызық шағым
Бастауышым балбұлағым
Қоштасар күн жетті міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын
Ән: Қимай тұрмын (Әлинұрдың орындауында)
2 жүргізуші: Оқушыларымызға ақ жол тілей отырып, орта буынға шығарып саламыз.
хормен Қош бол, балғын балалық
Қош бол, сүйікті бастауышым !
І жүргізуші: Осымен «Бастауыш-білім бастауы!» атты ертеңгілігіміз аяқталды. Көріп тамашалағандарыңызға көп- көп рахмет. Қош, сау болыңыздар!